Бала тәрбиелеудегі 5 құпия
Әр ата-ананың өзінің баласын тәрбиелеу барысында қиындық туындайтыны белгілі.
Келіспей қалу, мәселенің шешімін шығаруда өзімізді ұстай алмай ашуға бой алдырып, дауыс көтереміз. Сіздерге шешімі жоқ мәселе болмайтындығын айтқым келеді.
Осы мәселелерді талдау барысында бірнеше маңызды аспектілерді басшылыққа алсақ:
Баламен қарым-қатынаста ең бастысы балаға деген махаббат. Қандай
жағдай болмасын ата-ана махаббатын білдіруі өте маңызды. Бала ата-анасы үшін өзінің маңыздылығын көріп, сезінуі тиіс. Егер бала қателік жасаса, жалқауланып немесе қолынан келмей жатса да ата-ана тарапынан үнемі қолдау қажет.
Еш себепсіз болса да балаңызды қаншалықты жақсы көретініңізді және
де оның сіз үшін қымбат жан екенін жиі айтуға тырысыңыз. Сіздің бұл әрекетіңіз балаңыздың өзін жақсы сезінуіне, ата-ана махаббатына бөленуіне септігін тигізеді.
Баланың жаңа бір нәрсені үйренуіне мүмкіндік жасаңыз. Бұл жерде
бастысы қателік жасауға, сүрінуге мүмкіндік беру. Сын тұрғысынан пікір айтуды азайтқаныңыз жөн.
Сіздің балаңызға бар керегі – оның әрекетіне қолдау жасау мен жеңіл түзетулер ғана. Қателіктері жайлы соңынан бала жұмысын аяқтап, тыңдауға дайын болғанда айтқаныңыз тиімді болады.
Егер балаңыз белгілі бір жұмысты атқаруда қиналып жатса міндетті
түрде көмек көрсетіңіз. Сіз тек нұсқау көрсете отырып, баланың өз бетінше жұмыс жасауына жағдай туғызыңыз.
Уақыт өте келе сіздің қолдауыңызбен балаңыз көптеген жұмысты өзі атқара алатын болады.
Кең тараған қателіктің бірі баланы қиындықпен жалғыз қалдыру. Соңында баланың қызығушылығы жоғалып, өзіне сенімсіз болып қала береді. Сол себепті балаға үнемі қолдау көрсетіңіз.
Маңызды құпияның бірі достық қарым-қатынас. Бұйрық беру ретіндегі
сөздерді қолдану, дауыс көтеру мүлдем орынсыз. Мұндай жағдайда өкпе, реніш пайда болып, өзіңізден алыстай түседі. Сол себепті балаңыздың досы бола біліңіз, оның намысын түсірмеңіз, оның қалауы мен қажеттілігін ескеріңіз. Осындай әрекетіңізбен балаңыздың бойындағы мейрімділікті, жағымды қасиеттерді дамыта түсесіз.
Осы кеңестердің ішіндегі ерекше атап көрсеткім келетіні 5-інші құпия: ол ата-ана қалауы және баланың қалауы. Көбіне ата-аналар балаға үлкен үміт артып, оның барлық уақытын тіпті минутына дейін жоспар құрып, баланың қалауын мүлдем ескермей жатады. Бұл жерде ұрыс-керіссіз, келіспеушіліксіз шешу мүмкін емес.
Ата-ананың қалауы түсінікті, олар баланың өз аяғымен нық тұруын қалайды. Бұл жерде баланың да қалауы бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Ата-ана қалауы бойынша жасасақ ерік-жігері төмен, өзіндік пікірі жоқ тұлға болып шығуы әбден мүмкін.
Ата-ана мақсаты – баланың өсіп жетілуіне, икемділік пен ептіліктерін дамытуға көмектесу. Бірақ, өздерінің орындалмаған армандарын, өзінің амбициясын жүзеге асыру емес.
Ең бастысы – кез-келген жұмыс дұрыс орындалмай жатса, қол сілтеп теріс айналмай, махаббатпен қарап, қолдау көрсету керек.
Өз балаларыңызбен дос болыңыз. Шындық жағымсыздау болса да, балаңызға шындықты айтудан қорықпаңыз.Балалар шындықты жақсы көреді.
Балаларға махаббатпен қарап, қолдау көрсетіп, қалай өмір сүру керектігін үйрететін адам керек.